Назарбаев Университетінде ашық дәріс өтті
Nazarbayev University Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысуымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру жүйесін трансформациялау» тақырыбында ашық дәріс өтті.
Дәріс барысында жас ғалымдар мен магистранттар орта білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен қазіргі білім беру үрдістері туралы министрмен еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
Министр білім беру жүйесін жаңғыртудағы конституциялық реформалардың маңызын атап өтіп, бастауыш және орта білімнің міндеттілігі елдің болашақ дамуы үшін маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы және білім беру саласын цифрландыру бағытындағы бастамалар туралы айтылды.
Бүгінде «Qazaq Digital Mektebi», «QazTech» жобалары арқылы оқушылардың цифрлық білім беру траекториясы қалыптасып келеді. Ал «ChatGPT Edu» жобасы аясында 200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, өздерінің ЖИ-ассистенттерін құруға мүмкіндік алады.
Дәріс соңында жас ғалымдар жасанды интеллект этикасы, мектепке дейінгі білім сапасы және оқулықтарды жаңарту мәселелері бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді.
✨ Министр ғылыми қауымдастықты білім беру реформаларын бірге дамытуға шақырды.









